Accessibility links

Тоқаев: Тым көп импорттаймыз. Көзге анық көрініп тұр


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

5 желтоқсанда Астанада "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтарын рәсімдеу кезінде президент Қасым- Жомарт Тоқаев елдің экономикалық дамуына тоқталып, үкімет алдында "сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр" деді. Ол инфляцияны тежеу қажеттігін алға тартып, артық шығынға жол беруге болмайтынын атап өтті.

"Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс" деді президент.

Ол ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауармен қамтамасыз ету мәселесі әлі толық шешілмей жатқанын тілге тиек етті.

"Импорт тым көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды" деді ол.

2025 жылы қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 407 млн долларға жеткен. Ондағы импорт көлемі 45 906,8 млн доллар болған.

Ресми статистика бойынша, импорттың ең ірі үлесі жеңіл автомобиль, фармацевтикалық өнімдерге, автокөлік кузовтарына және телефондарға тиесілі. Импорттың үштен екісі Қытай мен Ресейден келеді деп айтылады.

Қазақстанның бюджеті әлі күнге дейін негізінен шикізаттан түсетін кіріске тәуелді. Елде өңдеу өнеркәсібі және тауар өндіру деңгейі төмен күйінде қалып отыр.

XS
SM
MD
LG