Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Душанбе "Ресей және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен (ҰҚШҰ) Ауғанстан шекарасын бірігіп күзету туралы келіссөз жүргізіп жатқаны" туралы ақпаратты терістеді.
Оның алдында мұндай ақпаратты республиканың күштік құрылымдарындағы дереккөздерге сүйенген Reuters жазған.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігі ақпаратты жоққа шығарды. Азаттықтың Тәжік қызметіне ведомство өкілдері ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп айтқан.
"Жаңалық ойдан құрастырылған. Жақын арада ресми түрде жауап жібереміз. Осы жаңалықты шығара отырып, Reuters оқырмандарына тексерілмеген ақпарат беріп отыр" деді Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Шохин Самади.
Тәжікстан үкіметі ақпаратты терістегеннен кейін Reuters-тің ресми өкілі 3 желтоқсанда Азат Еуропа/Азаттыққа мақала "жарияланғаннан кейін жүргізілген тексеру нәтижесінде дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты" алынып тасталды деді.
Кейінгі аптада ауған-тәжік шекарасында Қытайдың 5 азаматы қаза болған, тағы бір адам жарақаттанған. 1 желтоқсанда "Талибан" өкілдері шабуылға қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстағанын хабарлаған.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон дүйсенбі күні күштік құрылым өкілдерімен жиналыс өткізді. Онда Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы қазіргі ахуал қаралып, оны нығайту мәселесі сөз болды.
Қытай Ауғанстанмен шекарада тау-кен өндірісімен шұғылданып жатқан өз азаматтарын сол аумақтан дереу кетуге шақырды.
2000-жылдарға дейін тәжік-ауған шекарасын Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы күзеткен. Алайда 2005 жылдан бері күзетті Тәжікстан өзі қолға алған.