Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнамаға интернет-платформалар мен қолданушылардың қызметін реттеуді күшейтетін түзету енгізуді ұсынды. Заң жобасы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында жарияланды. Онда өкілдіктерді тіркеуден бастап, кәмелетке толмағандарға аккаунт ашуына тыйым салу сияқты сервистер мен олардың аудиториясына жаңа талаптар қарастырылған.
Құжаттың түсіндірмесіне сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін онлайн платформалардың иелері елде ресми өкілдік ашып, ұлттық заңнамаға сәйкес тіркелуі қажет. Құжатта сонымен бірге БАҚ-тан мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеу туралы талап та бар.
Ең ірі өзгерістер «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заңға қатысты. Жобада балаларды зиянды ақпараттан қорғауға бағытталған жаңа бап бар. Онда 16 жасқа толмаған қолданушыларға жедел хабар алмасу қызметтерінен басқа онлайн платформаларда тіркелуге тыйым салынбақ.
Құжатта анонимді пайдаланушыларға да ерекше назар аударылған. Егер мұндай аккаунттың 5 мыңнан астам жазылушысы болса, оның иесі уәкілетті органға жеке басын куәландыратын ақпаратты ұсынуы тиіс. Қажетті ақпарат тізімін агенттіктің өзі анықтайды. Ақпаратты беруден бас тартқандар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін: оларға ескертуден бастап 100 АЕК дейінгі әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Қайта заң бұзғандарға екі есе көп айыппұл салынады.
Ұсынылған түзетулерге сәйкес, мемлекеттің бұйрығымен "заңға қайшы контентті" жоймаған онлайн-платформаларға айыппұл салынбақ. Шағын бизнеске – 50 АЕК, орта бизнес өкілдеріне – 100 АЕК және ірі бизнеске – 200 АЕК қарастырылған. Төтенше жағдайда уәкілетті орган платформаның жұмысын шектей алады.
Бүған қоса, Әкімшілік кодексті адамның суретін оның келісімінсіз жариялаған немесе таратқан жеке тұлғаларға – 30 АЕК, ірі бизнеске 200 АЕК-қа дейін айыппұл салу туралы пунктімен толықтыру да көзделіп отыр.
Жоба қазір талқылау кезеңінде. Егер түзетулер қабылданса, интернет-платформалар мен ірі анонимді аккаунттар алғаш рет тіркелуге міндеттеледі, ал қолданушылардың желіні қолдану шарттары қатая түспек.