"Шеттен қаржы алатындардың" тізімі: министрлік реестрді жаңартты

Қаржы министрлігінің ғимараты.

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті шетелден қаржы алатын жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың тізімін жаңартты.

Тізімде 188 жеке тұлға мен ұйым бар. Тізімнің нақты қай күні жаңартылғаны белгісіз. 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында шеттен қаржы алғандардың тізімі биыл бірінші рет жарияланып отыр. Тізімде Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, журналистер және блогерлер бар.

Биыл қараша айында қаржы министрлігі шетелден қаржы алатын ұйымдардың бірыңғай базасын жасап, есеп берудің жаңа формасын бекіткен еді. Оған сәйкес, шеттен қаржы алатын ұйымдардың қаржы көздері мен алатын қаржы көлемі ашық жарияланбақ. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.

Осыған дейін бірқатар құқық қорғаушылар мұндай деректердің ашық жариялануы "жеке басқа қол сұғу және жеке деректі қорғау" мәселесін туындатуы мүмкін деген қауіп айтқан.

Тізім алғаш рет 2023 жылы жарияланған кезде құқық қорғаушылар мен сарапшылар оны ресейлік "шетел агенттерінің" тізіміне ұқсатқан. Ресейде оны билікті сынайтын тәуелсіз журналистер мен белсенділерге қарсы қысым құралы ретінде пайдаланады.

Қазақстан мемлекеттік кіріс комитеті бұған дейін мұндай қадам "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген еді. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.

Халықаралық Transparency International ұйымы "бұл қадам Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін" деп алаңдаушылық білдірген.

Кей қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, билік жариялаған тізім толық емес, себебі онда шетелден қаржы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар туралы ақпарат жоқ. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар ашық жұмыс істегендіктен бұған қажеттілік жоқ, ақшаның жұмсалуын ресми сайттары арқылы көруге болады деген.

"Эксклюзив" журналының жазуынша, 2023 жылы тізім алғаш жарияланған кезде бірнеше күннен кейін одан ресейлік "Газпромбанктің" Қазақстандағы өкілдігін алып тастаған. Қаржы министрлігі "есептен қате кеткен болуы мүмкін" деп себебін сол күйі нақты түсіндіре алмаған.