Грузияда миллиондаған долларға декларацияланбаған мұнайды сату схемасына қатысы бар деген күдікпен Batumi Oil Terminal-ын басқарған үш қазақстандық ұсталды. Бұл жөнінде Грузияның ақпарат құралдары мен Грузия қаржы министрлігінің тергеу қызметіне сүйенген Nationalbusiness.kz сайты жазды.
Тергеушілердің болжамынша, ұсталғандар кеден құжаттарында көрсетілмеген және міндетті фискалдық бақылаудан өтпеген мұнай сату схемасына қатысқан. Прокуратура заңсыз сатылған шикі мұнайдың көлемі 10 мың тоннадан асқанын айтады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жетпеген көлемді жасыру үшін күдіктілер цистерналардағы мұнайдың орнын мұнай қалдықтары және лас сұйықтықпен толтырған, осылайша мұнай жетіспеушілігі білінбей қалған.
Грузия құқық қорғау органдары 15 миллион лари (шамамен 5-6 миллион АҚШ доллары) көлемінде шығын келді деп отыр. Іс контрабанда және аса ірі көлемде заңсыз сауда баптары бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 11-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Batumi Oil Terminal – шикізатты Қара теңіз арқылы тасымалдайтын стратегиялық нысан. Компания "ҚазМұнайГазға" қарасты "ҚазТрансОйл" компаниясына тиесілі.
Грузия билігі тергеуде айтылған шикізат қай елден келгенін айтқан жоқ. Терминалдың акционерлері түсініктеме берген жоқ.
"ҚазМұнайГаз" өкілдері Batumi Oil Terminal жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатқанын және Грузия заңнамасы аясында әрекет етіп жатқанын айтты. Компания өкілдерінің айтуынша, қызметкерлердің құқығы қорғалған, барлық қызметкер жұмыс орнында.