Өзбекстан соты Қарақалпақстанның екі азаматын "сепаратизмге шақырды" деп соттады

2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында болған наразылық

Өзбекстандағы сот Қарақалпақстанның екі тұрғынын "интернетте діни, экстремистік, сепаратистік идеясы бар материалдар таратты" деп айыптап, үш жылға бас бостандығын шектеді. Бұл туралы Адам құқығы бойынша Түркімендік Хельсинки қоры хабарлады.

Шымбай ауданының 30 жастағы тұрғыны Айбек Жолдасбаевқа үкім 29 қазанда шыққан. Сот үкіміне сай, ол интернет қолдана алмайды, кешкі оннан таңғы алтыға дейін үйден шығуға, тұрғылықты жерін ауыстыруға болмайды. Сот оның ұялы телефонын тәркілеген.

Тергеу "Жолдасбаев 2022 жылы шілдедегі оқиға кезінде Алматыда жұмыс істеп жүрсе де, әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз митингіге шақырып, сепаратизм идеясы бар ақпарат таратқан" дейді. Үкімде Жолдасбаевтың екі пікірі айтылған. Бірінде ол "Қарақалпақстанның еркін болғанын қалаймыз" дейді.

Ал Тахтакупыр ауданының 32 жастағы тұрғыны Азиз Калимбетовке үкім 11 қарашада шыққан. Тергеу тарабы "Калимбетов мемлекет саясатына көңілі толмай, желіде сепаратистік идеологияны тарататын әрі Дәулетмұрат Тәжімұратовты батыр етіп көрсететін видео-фотолар жариялап, пікірлер жазды" дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан Жоғарғы соты қарақалпақ журналисі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үкімін өзгертпеді

Тәжімұратов – қарақалпақстандық белсенді әрі журналист. Тергеу мен сот оны 2022 жылғы шілдедегі наразылықтың ұйымдастырушысы деп санап, 2023 жылы қаңтарда 16 жылға соттаған.

Өзбекстанның батысындағы Қарақалпақстан автономды республикасының орталығы Нүкіс қаласында 2022 жылы шілдеде Ташкент саясатына қарсы жаппай наразылық болған. Өзбекстан билігі Қарақалпақстанды егемен статусынан айырмақ болған. Наразылықтан кемі 21 адам қаза тапқан еді. Ал Өзбекстан билігі қозғаған қылмыстық істен соң бірнеше адам ұзақ уақытқа сотталған.

Наразылықты тексеру үшін құрылған арнайы комиссия 2024 жылы желтоқсандағы есебінде Нүкістегі оқиғадан соң 8,7 мың адам әкімшілік, 61 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нөкіс оқиғасынан кейінгі екі жылда не өзгерді?